Propiedad intelectual Formación en PI Respeto por la PI Divulgación de la PI La PI para... La PI y… La PI en… Información sobre patentes y tecnología Información sobre marcas Información sobre diseños industriales Información sobre las indicaciones geográficas Información sobre las variedades vegetales (UPOV) Leyes, tratados y sentencias de PI Recursos de PI Informes sobre PI Protección por patente Protección de las marcas Protección de diseños industriales Protección de las indicaciones geográficas Protección de las variedades vegetales (UPOV) Solución de controversias en materia de PI Soluciones operativas para las oficinas de PI Pagar por servicios de PI Negociación y toma de decisiones Cooperación para el desarrollo Apoyo a la innovación Colaboraciones público-privadas Herramientas y servicios de IA La Organización Trabajar con la OMPI Rendición de cuentas Patentes Marcas Diseños industriales Indicaciones geográficas Derecho de autor Secretos comerciales Academia de la OMPI Talleres y seminarios Observancia de la PI WIPO ALERT Sensibilizar Día Mundial de la PI Revista de la OMPI Casos prácticos y casos de éxito Novedades sobre la PI Premios de la OMPI Empresas Universidades Pueblos indígenas Judicatura Recursos genéticos, conocimientos tradicionales y expresiones culturales tradicionales Economía Igualdad de género Salud mundial Cambio climático Política de competencia Objetivos de Desarrollo Sostenible Tecnologías de vanguardia Aplicaciones móviles Deportes Turismo PATENTSCOPE Análisis de patentes Clasificación Internacional de Patentes ARDI - Investigación para la innovación ASPI - Información especializada sobre patentes Base Mundial de Datos sobre Marcas Madrid Monitor Base de datos Artículo 6ter Express Clasificación de Niza Clasificación de Viena Base Mundial de Datos sobre Dibujos y Modelos Boletín de Dibujos y Modelos Internacionales Base de datos Hague Express Clasificación de Locarno Base de datos Lisbon Express Base Mundial de Datos sobre Marcas para indicaciones geográficas Base de datos de variedades vegetales PLUTO Base de datos GENIE Tratados administrados por la OMPI WIPO Lex: leyes, tratados y sentencias de PI Normas técnicas de la OMPI Estadísticas de PI WIPO Pearl (terminología) Publicaciones de la OMPI Perfiles nacionales sobre PI Centro de Conocimiento de la OMPI Informes de la OMPI sobre tendencias tecnológicas Índice Mundial de Innovación Informe mundial sobre la propiedad intelectual PCT - El sistema internacional de patentes ePCT Budapest - El Sistema internacional de depósito de microorganismos Madrid - El sistema internacional de marcas eMadrid Artículo 6ter (escudos de armas, banderas, emblemas de Estado) La Haya - Sistema internacional de diseños eHague Lisboa - Sistema internacional de indicaciones geográficas eLisbon UPOV PRISMA UPOV e-PVP Administration UPOV e-PVP DUS Exchange Mediación Arbitraje Determinación de expertos Disputas sobre nombres de dominio Acceso centralizado a la búsqueda y el examen (CASE) Servicio de acceso digital (DAS) WIPO Pay Cuenta corriente en la OMPI Asambleas de la OMPI Comités permanentes Calendario de reuniones WIPO Webcast Documentos oficiales de la OMPI Agenda para el Desarrollo Asistencia técnica Instituciones de formación en PI Apoyo para COVID-19 Estrategias nacionales de PI Asesoramiento sobre políticas y legislación Centro de cooperación Centros de apoyo a la tecnología y la innovación (CATI) Transferencia de tecnología Programa de Asistencia a los Inventores (PAI) WIPO GREEN PAT-INFORMED de la OMPI Consorcio de Libros Accesibles Consorcio de la OMPI para los Creadores WIPO Translate Conversión de voz a texto Asistente de clasificación Estados miembros Observadores Director general Actividades por unidad Oficinas en el exterior Ofertas de empleo Adquisiciones Resultados y presupuesto Información financiera Supervisión
Arabic English Spanish French Russian Chinese
Leyes Tratados Sentencias Consultar por jurisdicción

Kazajstán

KZ019

Atrás

Қазақстан Республикасының Конституциясы

Қазақстан Республикасының Конституциясы

 

Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды

 

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы,

1996 ж. № 4, 217-құжат

(2011 ж. 02.02 күнгі жағдайы бойынша өзгерістер

мен толықтырулармен)

Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген

Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде

мемлекеттiлiк құра отырып,

өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық

мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық

қоғам деп ұғына отырып,

дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын

алуды тiлей отырып,

қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы

жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып,

өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге

ала отырып

осы Конституцияны қабылдаймыз.

 

 

I бөлiм

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

1-бап

 

1. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.

2. Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.

Ескерту. 1-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2001.12.21 № 18/2 қаулысымен.

 

2-бап

 

1. Қазақстан Республикасы - президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет.

2. Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi.

3. Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесi заңмен белгiленедi. Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады.

4. Қазақстан Республикасы және Қазақстан атауларының мәнi барабар.

Ескерту. 2-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.04.23 № 4 қаулысымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

3-бап

 

1. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы - халық.

 2. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi.

3. Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады.

Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Республика Үкiметi мен өзге де мемлекеттiк органдар мемлекет атынан оларға берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ғана билiк жүргiзедi.

4. Республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады.

Ескерту. 3-баптың 3-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2001.04.12 № 1/2 қаулысымен. 

 

4-бап

 

1. Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да мiндеттемелерiнiң, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Соты нормативтiк қаулыларының нормалары болып табылады.

2. Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және Республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады.

3. Республика бекiткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады.

4. Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми түрде жариялау оларды қолданудың мiндеттi шарты болып табылады.

Ескерту. 4-баптың 3-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.10.11 № 18/2 қаулысымен; 4-бапқа түсiндiрме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2009.11.05 № 6 қаулысымен.

 

 

5-бап

 

1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттiк органдарда партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.

2. Қоғамдық бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Қоғамдық бiрлестiктер iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне қоғамдық бiрлестiктердiң заңсыз араласуына, қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттiк органдардың қызметiн жүктеуге жол берiлмейдi.

3. Мақсаты немесе iс-әрекетi Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құруға тыйым салынады.

4. Республикада басқа мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарының қызметiне, дiни негiздегi партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсiптiк одақтарды шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берiлмейдi.

5. Шетелдiк дiни бiрлестiктердiң Республика аумағындағы қызметi, сондай-ақ шетелдiк дiни орталықтардың Республикадағы дiни бiрлестiктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиiстi мемлекеттiк органдарымен келiсу арқылы жүзеге асырылады.

 Ескерту. 5-баптың 4-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.06.07 № 4/2 қаулысымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

6-бап

 

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.

2. Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгiне де қызмет етуге тиiс. Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi.

3. Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн.

Ескерту. 6-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.11.03 № 19/2, 6-баптың 3-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.04.13 № 2/2, 2003.04.23 № 4, 6-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2001.04.12 № 1/2 қаулыларымен.

 

7-бап

 

1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi.

2. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.

3. Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

 

8-бап

 

Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейдi, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзедi, қарулы күштi бiрiншi болып қолданудан бас тартады.

Ескерту. 8-бапқа түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2001.04.12 № 1/2 қаулысымен.

 

9-бап

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi - Туы, Елтаңбасы және Гимнi бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.

Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

II бөлiм

АДАМ ЖӘНЕ АЗАМАТ

 

10-бап

 

1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негiзде алынғанына қарамастан, бiрыңғай және тең болып табылады.

2. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзiнiң азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды.

3. Республика азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды.

Ескерту. 10-бапқа түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.12.01 № 12 қаулысымен.

 

11-бап

 

1. Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.

2. Республика өзiнiң одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.

 

12-бап

 

1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.

2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.

3. Республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады.

4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады.

5. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс.

Ескерту. 12-бапқа түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.12.01 № 12, 2007.04.18 № 4 қаулыларымен.

 

13-бап

 

1. Әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын, қажеттi қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлдермен қорғауға хақылы.

2. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.

3. Әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiледi.

Ескерту. 13-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.22 № 7/2, 2002.02.15 № 1 қаулыларымен.

 

14-бап

 

1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең.

2. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.

Ескерту. 14-баптың 1 және 2-тармақтарына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.10 № 2/2, 14-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.22 № 7/2 қаулыларымен.

 

15-бап

 

1. Әркiмнiң өмiр сүруге құқығы бар.

2. Ешкiмнiң өз бетiнше адам өмiрiн қиюға хақысы жоқ. Өлiм жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористiк қылмыстар жасағаны үшiн, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшiн ең ауыр жаза ретiнде заңмен белгiленедi, ондай жазаға кесiлген адамның кешiрiм жасау туралы өтiнiш ету хақы бар.

Ескерту. 15-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.01.30 № 10 қаулысымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

16-бап

 

1. Әркiм өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар.

2. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ұстауға болады.

3. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбiр адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқылы.

Ескерту. 16-бапқа түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.12.31 № 13 қаулысымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

17-бап

 

1. Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды.

2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды.

 

18-бап

 

1. Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.

2. Әркiм өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тiкелей белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.

3. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматқа өзiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

Ескерту. 18-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конститутциялық Кеңесiнiң 2009.08.20 № 5 Нормативтiк қаулысымен

 

19-бап

 

1. Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.

2. Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар.

 

20-бап

 

1. Сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады.

2. Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиясы болып табылатын мәлiметтер тiзбесi заңмен белгiленедi.

3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.

 

21-бап

 

1. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбiр адам, заңда көрсетiлгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.

2. Әркiмнiң Республикадан тыс жерлерге кетуiне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергiсiз қайтып оралуына құқығы бар.

 

22-бап

 

1. Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиiс.

 

23-бап

 

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiктердiң қызметi заңмен реттеледi.

2. Әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьялар партияларда, кәсiптiк одақтарда болмауға, қандай да бiр саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиiс.

Ескерту. 23-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.07.05 № 13/2 қаулысымен.

 

24-бап

 

1. Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi.

2. Әркiмнiң қауiпсiздiк пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегi үшiн нендей бiр кемсiтусiз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқығы бар.

3. Ереуiл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгiленген тәсiлдердi қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.

 4. Әркiмнiң тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс iстейтiндерге заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепiлдiк берiледi.

Ескерту. 24-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.10 № 2/2 қаулысымен.

 

25-бап

 

1. Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны тексеруге және тiнтуге заңмен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.

2. Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасалады. Заңда көрсетiлген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретiн ақыға берiледi.

 

26-бап

 

1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады.

2. Меншiк, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi.

3. Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн.

4. Әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығы бар. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi әрi шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

Ескерту. 26-баптың 3-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.06.16 № 6/2, 2000.12.20 № 21/2, 2005.07.01 № 4, 2007.05.28 № 5 қаулыларымен.

 

27-бап

 

1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.

3. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.

 

28-бап

 

1. Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негiздерде оған ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiнде әлеуметтiк қамсыздандырылуына кепiлдiк берiледi.

 2. Ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленiп отырады.

Ескерту. 28-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.12 № 3/2 қаулысымен.

 

29-бап

 

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.

2. Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы.

3. Мемлекеттiк және жеке меншiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүргiзiледi.

 

30-бап

 

1. Азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi.

2. Азаматтың мемлекеттiк жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқығы бар.

3. Жеке меншiк оқу орындарында ақылы бiлiм алу заңмен белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

4. Мемлекет бiлiм берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Кез келген оқу орнының қызметi осы стандарттарға сай келуi керек.

 

31-бап

 

1. Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды.

2. Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғады.

 

32-бап

 

Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттiк қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерi үшiн заңмен шектелуi мүмкiн.

 

33-бап

 

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей өзi жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiштер жолдауға құқығы бар.

2. Республика азаматтарының мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.

3. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

4. Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық мiндеттердiң сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгiленедi.

Ескерту. 33-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен.

 

34-бап

 

1. Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.

2. Әркiм Республиканың мемлекеттiк рәмiздерiн құрметтеуге мiндеттi.

Ескерту. 34-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

35-бап

 

Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрi мiндетi болып табылады.

 

36-бап

 

1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi.

2. Республика азаматтары заңда белгiленген тәртiп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.

 

37-бап

 

Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi.

 

38-бап

 

Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi.

 

39-бап

 

1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн.

2. Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.

3. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр түрде шектеуге жол берiлмейдi. Конституцияның 10; 11; 13-15-баптарында; 16-бабының 1-тармағында; 17-бабында; 19-бабында; 22-бабында; 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбiр жағдайда да шектелмеуге тиiс.

Ескерту. 39-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2007.05.28 № 5 қаулысымен.

 

III бөлiм

ПРЕЗИДЕНТ

 

40-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Президентi - мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға.

2. Республиканың Президентi - халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.

3. Республика Президентi мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.

 

41-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Президентiн конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды.

2. Республика Президентi болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.

3. Республика Президентiнiң кезектi сайлауы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.

3-1. Президенттiң кезектен тыс сайлауы Республика Президентiнiң шешiмiмен тағайындалады және конституциялық заңда белгiленген тәртiп пен мерзiмде өткiзiледi.

4. Алып тасталды.

5. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Егер кандидаттардың бiрде-бiрi көрсетiлген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екi кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi.

Ескерту. 41-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен, 41-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1998.10.09 № 9/2, 41-баптың 1 және 3-тармақтарына түсiнiктеме берiлдi - 2005.08.19 № 5 қаулыларымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254, 2011.02.02 № 403-IV заңдарымен.

 

42-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Президентi: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi.

2. Ант беру қаңтардың екiншi сәрсенбiсiнде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң қатысуымен өткiзiледi. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған адам Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған күнiнен бастап бiр ай iшiнде ант бередi.

3. Республика Президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.

4. Алып тасталды.

5. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды.

Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне қолданылмайды.

Ескерту. 42-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284, 2007.05.21 № 254 заңдарымен.

 

43-бап

 

1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлдi органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетiн қызметтердi атқаруға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

2. Алып тасталды.

Ескерту. 43-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

44-бап

 

Қазақстан Республикасының Президентi:

1) Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;

2) Республика Парламентiне және оның Палатасына кезектi және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттiң бiрiншi сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретiн антын қабылдайды; Парламенттiң кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бiр ай iшiнде қол қояды, заңды халыққа жария етедi не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшiн қайтарады;

3) Парламент Мәжiлiсiнде өкiлдiгi бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейiн келiсiм беру үшiн Мәжiлiстiң қарауына Республика Премьер-Министрiнiң кандидатурасын енгiзедi; Парламент Мәжiлiсiнiң келiсiмiмен Республиканың Премьер-Министрiн қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдiң ұсынуымен Республика Үкiметiнiң құрылымын айқындайды; Республиканың Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкiметiнiң мүшелерiн қызметке тағайындайды; сыртқы iстер, қорғаныс, iшкi iстер, әдiлет министрлерiн қызметке тағайындайды; Үкiмет мүшелерiн қызметтен босатады; Үкiмет мүшелерiнiң антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкiмет отырыстарына төрағалық етедi; Үкiметке заң жобасын Парламент Мәжiлiсiне енгiзудi тапсырады; Республика Үкiметi мен Премьер-Министрiнiң, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкiмдерi актiлерiнiң күшiн жояды не қолданылуын толық немесе iшiнара тоқтата тұрады;

4) Парламент Сенатының келiсiмiмен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;

5) Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

6) Республика дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады;

7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екi мүшесiн, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасын және екi мүшесiн бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды;

8) Республиканың мемлекеттiк бағдарламаларын бекiтедi;

9) Республика Премьер-Министрiнiң ұсынуымен Республиканың мемлекеттiк бюджетi есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтедi;

10) республикалық референдум өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды;

11) келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекiту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды;

12) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;

13) Республиканың мемлекеттiк наградаларымен марапаттайды, құрметтi, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, бiлiктiлiк сыныптарын бередi;

14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;

15) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;

16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген, мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;

17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;

18) өзiне бағынысты Республика Президентiнiң Күзет қызметiн және Республикалық ұланды жасақтайды;

19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды; Республика Президентiнiң Әкiмшiлiгiн құрады;

20) Қауiпсiздiк Кеңесiн және өзге де консультативтiк-кеңесшi органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесiн құрады;

21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 44-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284, 2007.05.21 № 254 заңдарымен; 44-баптың 13) тармақшасына - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.06.30 № 10/2, 2) тармақшасына - 2000.07.03 № 15/2, 9) тармақшасына - 2001.11.12 № 14/2, 44-баптың 2) тармақшасына түсiнiктеме берiлдi - 2010.10.18 № 3 қаулыларымен.

 

45-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Президентi Конституция мен заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады.

2. Конституцияның 53-бабының 4) тармақшасында көзделген ретте Республика Президентi заңдар шығарады, ал 61-баптың 2-тармағында көзделген ретте Республиканың заң күшi бар жарлықтарын шығарады.

3. Республиканың Президентi қол қоятын Парламент актiлерi, сондай-ақ Үкiмет бастамасымен шығарылатын Президенттiң актiлерi тиiсiнше осы актiлердiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Парламенттiң әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдiң алдын ала қолдары қойылып тиянақталады.

Ескерту. 45-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.07.03 № 15/2, № 5 Нормативтiк қаулыларымен.

 

46-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды.

2. Республика Президентi мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.

3. Осы баптың ережелерi Республиканың экс-Президенттерiне қолданылады.

 4. Қазақстанның Тұңғыш Президентiнiң мәртебесi мен өкiлеттiгi Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.

Ескерту. 46-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

47-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады.

2. Республиканың Президентi өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiндегi iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжiлiс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн. Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк дауысымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.

3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Республика Парламентiнiң немесе Парламент Мәжiлiсiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.

Ескерту. 47-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

48-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына көшедi; Мәжiлiс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттiк лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздерде және тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.

Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен.

 

IV бөлiм

ПАРЛАМЕНТ

 

49-бап

 

1. Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару қызметiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

2. Парламенттiң өкiлеттiгi оның бiрiншi сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысқа кiрiскен кезден аяқталады.

3. Парламенттiң өкiлеттiгi Конституцияда көзделген реттер мен тәртiп бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.

4. Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгiленедi.

Ескерту. 49-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен, 49-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.07.14 № 13/2 қаулысымен.

 

50-бап

 

1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.

2. Сенат конституциялық заңда белгiленген тәртiппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екi адамнан өкiлдiк ететiн депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулi мүдделерiнiң бiлдiрiлуiн қамтамасыз ету қажеттiлiгi ескерiлiп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президентi тағайындайды.

3. Мәжiлiс конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сайланатын жүз жетi депутаттан тұрады.

4. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.

5. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.

Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен, 50-баптың 5-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.15 № 1/2, 1999.11.29 № 24/2, 2003.02.11 № 1, 50-баптың 3-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 2004.02.12 № 1 қаулыларымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

51-бап

 

1. Мәжiлiстiң тоқсан сегiз депутатын сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжiлiстiң тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжiлiс депутаттарының кезектi сайлауы Парламенттiң жұмыс iстеп тұрған сайланымы өкiлеттiгiнiң мерзiмi аяқталардан кемiнде екi ай бұрын өткiзiледi.

2. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiледi.

3. Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиiсiнше Парламент немесе Парламент Мәжiлiсiнiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi ай iшiнде өткiзiледi.

4. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары бiлiмi және кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар, тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемiнде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжiлiс депутаты бола алады.

5. Республика Парламентi депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледi.

6. Парламенттiң депутаты Қазақстан халқына ант бередi.

Ескерту. 51-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен, 51-баптың 4-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.18 № 5/2, 51-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 1999.11.29 № 24/2, 51-баптың 5-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 2003.02.11 № 1 қаулыларымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

52-бап

 

1. Алып тасталды.

2. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте депутаттың жеке өзi ғана дауыс бередi. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқа бiреуге беруi депутатқа заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.

3. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмыс атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.

4. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

5. Парламент депутатының өкiлеттiгi орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша депутат iс-әрекетке қабiлетсiз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

Парламент депутаты:

1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;

2) оған қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген;

3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.

Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты:

1) депутат конституциялық заңға сәйкес өзiн сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;

2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметiн тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.

Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкiлеттiгi Республика Президентiнiң шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.

Парламент және Парламент Мәжiлiсi депутаттарының өкiлеттiгi тиiсiнше Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi таратылған жағдайларда тоқтатылады.

6. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 3-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерiн сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтатуға және өкiлеттiгiнен әрi депутатқа ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан айыруға байланысты мәселелердi әзiрлеу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледi.

Ескерту. 52-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен, 52-баптың 3 және 5-тармақтарына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2001.05.17 № 7/2, 2003.05.12 № 5, 52-баптың 1 және 5-тармақтарына түсiнiктеме берiлдi - 2001.12.13 № 19/2, 52-баптың 4-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 2003.01.30 № 10, 52-баптың 4 және 5-тармақтарына түсiнiктеме берiлдi - 2003.02.11 № 1 қаулыларымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

53-бап

 

Палаталардың бiрлескен отырысында Парламент:

1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi;

2) Үкiмет пен Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн бекiтедi. Үкiметтiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебiн Парламенттiң бекiтпеуi Парламенттiң Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiргенiн көрсетедi;

3) Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң дауысымен бiр жылдан аспайтын мерзiмге заң шығару өкiлеттiгiн беруге хақылы;

4) соғыс және бiтiм мәселелерiн шешедi;

5) Республика Президентiнiң ұсынысы бойынша бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн Республиканың Қарулы Күштерiн пайдалану туралы шешiм қабылдайды;

6) Конституциялық Кеңестiң Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйi туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;

7) палаталардың бiрлескен комиссияларын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметi туралы есептердi тыңдайды;

8) Парламентке Конституция жүктеген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады;

Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен; 53-баптың 3) және 4) тармақшаларына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2008.06.26 № 5 Нормативтiк қаулысы.

 

54-бап

 

1. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелердi әуелi - Мәжiлiсте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы конституциялық заңдар мен заңдар қабылдайды, оның iшiнде:

1) республикалық бюджеттi бекiтедi, оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi;

2) мемлекеттiк салықтар мен алымдарды белгiлейдi және оларды алып тастайды;

3) Қазақстанның әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мәселелерiн шешу тәртiбiн белгiлейдi;

4) мемлекеттiк наградаларды тағайындайды, Республиканың құрметтi, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерiн, дипломатиялық дәрежелерiн белгiлейдi, Республиканың мемлекеттiк рәмiздерiн айқындайды;

5) мемлекеттiк заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуi туралы мәселелердi шешедi;

6) рақымшылық жасау мәселелерiн шешедi;

7) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшiн жояды.

2. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелердi әуелi - Мәжiлiсте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы:

1) республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептердi талқылайды;

2) Республика Президентiнiң қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жiберiлген күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткiзедi. Бұл мерзiмнiң сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын бiлдiредi. Егер Мәжiлiс пен Сенат әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екi көпшiлiк дауысымен бұрын қабылданған шешiмдi растайтын болса, Президент бiр ай iшiнде заңға қол қояды. Егер Президенттiң қарсылығын ең болмаса палаталардың бiрi еңсермесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледi. Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға Мемлекет басшысының қарсылығы осы тармақшада көзделген тәртiппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттiң конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң дауысымен еңсередi;

3) республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтередi.

Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен, 54-бабына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2008.10.15 № 8 Нормативтiк қаулысымен.

 

55-бап

 

Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуымен Республиканың Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау мен қызметтен босату, олардың анттарын қабылдау;

2) Республика Президентiнiң Республика Ұлттық Банкiнiң Төрағасын, Бас прокурорын және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын тағайындауына келiсiм беру;

3) Республиканың Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан айыру;

4) алып тасталды;

5) Мәжiлiстiң өкiлеттiктерi мерзiмiнен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде Республика Парламентiнiң конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөнiндегi функцияларын орындау;

6) Конституциямен Парламент Сенатына жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

Ескерту. 55-баптың 1-тармақшасына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.07.05 № 11/2 қаулысымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

56-бап

 

1. Мәжiлiстiң ерекше қарауына мыналар жатады:

1) Парламентке енгiзiлген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және осы жобаларды қарау;

2) Палата депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен Республика Президентiне Республика Премьер-Министрiн тағайындауға келiсiм беру;

3) Республика Президентiнiң кезектi сайлауын хабарлау;

4) Конституциямен Парламент Мәжiлiсiне жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

2. Мәжiлiс депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен, Мәжiлiс депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша Мәжiлiс Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiруге хақылы.

Ескерту. 56-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

57-бап

 

Парламенттiң әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз:

1) Конституциялық Кеңестiң екi мүшесiн қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екi мүшесiн, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң үш мүшесiн бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды;

2) Конституцияның 47-бабының 1-тармағында көзделген ретте Парламент құратын комиссия мүшелерiнiң тең жартысына өкiлеттiк бередi;

3) Палаталардың бiрлескен комиссиялары мүшелерiнiң тең жартысын сайлайды;

4) Палаталар депутаттарының өкiлеттiгiн тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан Палаталардың депутаттарын айыру мәселелерiн шешедi;

5) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша парламенттiк тыңдаулар өткiзедi;

6) Палата депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша Республика Үкiметi мүшелерiнiң өз қызметi мәселелерi жөнiндегi есептерiн тыңдауға хақылы. Есептi тыңдау қорытындылары бойынша Үкiмет мүшесi Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентiне өтiнiш жасауға хақылы. Егер Республика Президентi мұндай өтiнiштi қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен алғашқы өтiнiш берiлген күннен бастап алты ай өткеннен кейiн Республика Президентiнiң алдына Үкiмет мүшесiн қызметiнен босату туралы мәселенi қайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi Үкiмет мүшесiн қызметiнен босатады;

7) Палаталардың үйлестiрушi және жұмыс органдарын құрады;

8) өз қызметiнiң регламентiн, Палатаның ұйымдастыру және iшкi тәртiбiне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешiмдер қабылдайды.

Ескерту. 57-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284, 2007.05.21 № 254 заңдарымен.

 

58-бап

 

1. Палаталарды мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжiлiс сайлаған төрағалар басқарады. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президентi ұсынады. Мәжiлiс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.

2. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталардың депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.

3. Парламент Палаталарының төрағалары:

1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;

2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;

3) Палаталар төрағаларының орынбасарлары қызметiне сайлау үшiн Палаталарға кандидатуралар ұсынады;

4) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;

5) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;

6) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;

7) палаталарға Конституциялық Кеңестiң, Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң мүшесi қызметiне тағайындау үшiн кандидатуралар ұсынады;

8) өздерiне Парламент регламентi жүктейтiн басқа да мiндеттердi атқарады.

4. Мәжiлiс Төрағасы:

1) Парламент сессияларын ашады;

2) Палаталардың кезектi бiрлескен отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.

5. Палаталардың төрағалары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.

Ескерту. 58-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

59-бап

 

1. Парламент сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.

2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Қазақстан Республикасының Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.

3. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен маусымның соңғы жұмыс күнiне дейiн өткiзiледi.

4. Парламент сессиясын, әдетте, Республика Президентi ашады және сессия Сенат пен Мәжiлiстiң бiрлескен отырыстарында жабылады. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысымен Парламенттiң кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралады.

5. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда өткiзiледi.

6. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн. Республика Президентiнiң, Премьер-Министр мен Үкiмет мүшелерiнiң, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Төрағасының кез келген отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.

Ескерту. 59-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.07.14 № 13/2, 59-баптың 3-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 1999.06.30 № 14/2 қаулыларымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

60-бап

 

1. Палаталар әр Палатада саны жетiден аспайтын тұрақты комитеттер құрады.

2. Палаталардың бiрлескен қызметтерiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы.

3. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулылар шығарады.

4. Комитеттер мен комиссияларды құру, олардың өкiлеттiгi және қызметiн ұйымдастыру тәртiбi заңмен белгiленедi.

 

61-бап

 

1. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентiне, Парламент депутаттарына, Үкiметке тиесiлi және тек қана Мәжiлiсте жүзеге асырылады.

2. Республика Президентiнiң заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгiлеуге, сондай-ақ осы жоба жедел қаралады деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламент заң жобасын енгiзiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiстi екенiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаса, Республика Президентi заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы, ол Парламент Конституция белгiлеген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылады.

3. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:

1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектiлiгiне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне;

2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;

3) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттiк және әскери қызметтiң негiздерiне;

4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;

5) республикалық бюджетке;

6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне;

7) бiлiм беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;

8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;

9) айналадағы ортаны қорғауға;

10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;

11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.

Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.

4. Мәжiлiс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк дауысымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа берiледi, ол онда әрi кеткенде алпыс күннiң iшiнде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданған жоба заңға айналады және он күннiң iшiнде Президенттiң қол қоюына берiледi. Тұтас алғанда, Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданбаған жоба Мәжiлiске қайтарылады. Егер Мәжiлiс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк дауысымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылауға және дауысқа салуға берiледi. Қайта қабылданбаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгiзуге болмайды.

5. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен заң жобасына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Мәжiлiске жiберiледi. Егер Мәжiлiс депутаттардың жалпы санының көпшiлiк дауысымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келiссе, заң қабылданды деп есептеледi. Егер Мәжiлiс нақ сондай көпшiлiк дауыспен Сенат енгiзген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келiспеушiлiк келiсу рәсiмi арқылы шешiледi.

5-1. Мәжiлiс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң дауысымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа берiледi, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң дауысымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн iшiнде Республика Президентiне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжiлiс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен жүзеге асырады.

 

Сенат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң дауысымен конституциялық заң жобасына енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар Мәжiлiске жiберiледi. Егер Мәжiлiс депутаттардың кемiнде үштен екiсiнiң дауысымен Сенат енгiзген өзгерiстермен және толықтырулармен келiссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледi.

Егер Мәжiлiс, Сенат енгiзген өзгерiстер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезiнде олармен депутаттардың кемiнде үштен екiсiнiң дауысымен келiспесе, онда палаталар арасындағы келiспеушiлiктер келiсу рәсiмдерi арқылы шешiледi.

6. Мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң қорытындысы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн. Республика Президентiнiң заң шығару бастамасы тәртiбiмен Парламент Мәжiлiсiне енгiзiлген заңнамалық актiлердiң жобалары үшiн мұндай қорытындының болуы талап етiлмейдi.

7. Үкiмет енгiзген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Үкiметке сенiм туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенiм туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегiз сағаттан ерте өткiзiлмейдi. Егер сенiмсiздiк бiлдiру туралы ұсыныс палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледi. Алайда Үкiмет бұл құқықты жылына екi реттен артық пайдалана алмайды.

Ескерту. 61-баптың 7-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.12 № 3/2, 1999.09.27 № 18/2, 2003.05.13 № 6, 61-баптың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына түсiнiктеме берiлдi - 1999.11.03 № 19/2, 61-баптың 6-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 2000.06.15 № 9/2, 61-баптың 2) тармағына түсiнiктеме берiлдi - 2000.07.03 № 15/2, 61-баптың 1 және 4-тармақтарына түсiнiктеме берiлдi - 2001.06.08 № 8/2, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларына түсiнiктеме берiлдi - 2008.10.15 № 8 қаулыларымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

62-бап

 

1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттiң қаулылары, Сенат пен Мәжiлiстiң қаулылары түрiнде заң актiлерiн қабылдайды.

2. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.

3. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк дауысымен енгiзiледi.

4. Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады.

5. Парламент пен оның Палаталарының заң актiлерi, егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады.

6. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу мәселелерi бойынша кемiнде екi оқылым өткiзу мiндеттi.

7. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.

8. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеу, ұсыну, талқылау, күшiне енгiзу және жариялау тәртiбi арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.

Ескерту. 62-бапқа түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.07.03 № 15/2, 2007.04.18 № 4 қаулыларымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

63-бап

 

1. Республика Президентi Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейiн Парламенттi немесе Парламент Мәжiлiсiн тарата алады.

2. Парламенттi және Парламент Мәжiлiсiн төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңiнде, Президент өкiлеттiгiнiң соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейiнгi бiр жыл iшiнде таратуға болмайды.

Ескерту. 63-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

V бөлiм

ҮКIМЕТ

 

64-бап

 

1. Үкiмет Қазақстан Республикасының атқарушы билiгiн жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесiн басқарады және олардың қызметiне басшылық жасайды.

2. Үкiмет алқалы орган болып табылады және өзiнiң бүкiл қызметiнде Республика Президентiнiң алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжiлiсiнiң және Парламенттiң алдында жауапты.

3. Конституцияның 57-бабының 6) тармақшасында көзделген ретте Үкiмет мүшелерi Парламент палаталарына есеп бередi.

4. Үкiметтiң құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.

Ескерту. 64-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

65-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Президентi Үкiметтi Конституцияда көзделген тәртiппен құрады.

2. Республика Премьер-Министрi тағайындалғаннан кейiнгi он күн мерзiм iшiнде Премьер-Министр Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентiне ұсыныс енгiзедi.

3. Үкiмет мүшелерi Қазақстан халқы мен Президентiне ант бередi.

 

66-бап

 

Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

2) Парламентке республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептi ұсынады, бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз етедi;

 

3) Мәжiлiске заң жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;

4) мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастырады;

5) Республиканың сыртқы саясатын жүргiзу жөнiнде шаралар әзiрлейдi;

6) министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды;

7) Республиканың министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдары актiлерiнiң күшiн толық немесе қолданылу бөлiгiнде жояды немесе тоқтата тұрады;

8) Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

9) алып тасталды;

10) өзiне Конституциямен, заңдармен және Президент актiлерiмен жүктелген өзге де қызметтердi орындайды.

Ескерту. 66-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен, 66-баптың 4) тармақшасына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.17 № 4/2, 66-баптың 5) тармақшасына түсiнiктеме берiлдi 2001.04.12 № 1/2 қаулыларымен.

 

67-бап

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi:

1) Үкiмет қызметiн ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшiн дербес жауап бередi;

2) алып тасталды;

3) Үкiмет қаулыларына қол қояды;

4) Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары жөнiнде және оның аса маңызды барлық шешiмдерi жөнiнде Президентке баяндап отырады;

5) Үкiмет қызметiн ұйымдастыруға және басшылық жасауға байланысты басқа да қызметтердi атқарады.

Ескерту. 67-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

68-бап

 

 1. Үкiмет мүшелерi өз құзыретi шегiнде шешiмдер қабылдауда дербестiкке ие әрi өздерiне бағынысты мемлекеттiк органдардың жұмысы үшiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң алдында жеке-дара жауап бередi. Үкiметтiң жүргiзiп отырған саясатымен келiспейтiн немесе оны жүргiзбейтiн Үкiмет мүшесi орнынан түсуге өтiнiш бередi не ол лауазымнан босатылуға тиiс.

2. Үкiмет мүшелерiнiң өкiлдi органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқаруға, кәсiпкерлiк iспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерiнiң лауазымдық мiндеттерi болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ.

Ескерту. 68-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284, 2007.05.21 № 254 заңдарымен.

 

69-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Үкiметi өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар қаулылар шығарады.

2. Республиканың Премьер-Министрi Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар өкiмдер шығарады.

 3. Үкiметтiң қаулылары және Премьер-Министрдiң өкiмдерi Конституцияға, заң актiлерiне, Республика Президентiнiң жарлықтары мен өкiмдерiне қайшы келмеуге тиiс.

 

70-бап

 

1. Үкiмет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдында өз өкiлеттiгiн доғарады.

Республиканың Премьер-Министрi жаңадан сайланған Парламент Мәжiлiсiнiң алдында Үкiметке сенiм туралы мәселе қояды. Мәжiлiс сенiм бiлдiрген жағдайда, егер Республика Президентi өзгеше шешiм қабылдамаса, Үкiмет өз мiндеттерiн атқаруды жалғастыра бередi.

2. Егер Үкiмет және оның кез келген мүшесi өздерiне жүктелген мiндеттердi одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп есептесе, олар Республиканың Президентiне өз орнынан түсетiнi туралы мәлiмдеуге хақылы.

3. Парламент Мәжiлiсi немесе Парламент Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiрген жағдайда Үкiмет орнынан түсетiнi туралы Республика Президентiне мәлiмдейдi.

4. Орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi Республиканың Президентi он күн мерзiмде қарайды.

5. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң не оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Премьер-Министрдiң орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.

6. Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуi қабылданбаған жағдайда Президент оған мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады.

7. Республиканың Президентi өз бастамасы бойынша Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез келген мүшесiн қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрдi қызметiнен босату бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.

Ескерту. 70-бапқа түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.11.19 № 11 қаулысымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

VI бөлiм

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС

 

71-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жетi мүшеден тұрады, олардың өкiлеттiгi алты жылға созылады. Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.

2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi тағайындайды және дауыс тең бөлiнген жағдайда оның дауысы шешушi болып табылады.

3. Конституциялық Кеңестiң екi мүшесiн - Республика Президентi, екi-екi мүшеден тиiсiнше Сенат пен Мәжiлiс тағайындайды.

Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң жартысы әрбiр үш жыл сайын жаңартылып отырады.

4. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.

5. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өздерiнiң өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Парламенттiң келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

6. Конституциялық Кеңестiң ұйымдастырылуы мен қызметi конституциялық заңмен реттеледi.

Ескерту. 71-баптың 5-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.01.30 № 10 қаулысымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

72-бап

 

1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша:

1) дау туған жағдайда Республика Президентiнiң, Парламент депутаттарының сайлауын өткiзудiң дұрыстығы және республикалық референдум өткiзу туралы мәселенi шешедi;

2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн Президент қол қойғанға дейiн қарайды;

2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн қарайды;

3) Республиканың халықаралық шарттарын бекiткенге дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды;

4) Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi;

5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар бередi.

2. Конституциялық Кеңес соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 78-бабында белгiленген реттерде қарайды.

Ескерту. 72-баптың 1-тармағының 2) тармақшасына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.07.03 № 15/2, 72-баптың 1-тармағының 4) тармақшасына түсiнiктеме берiлдi - 2001.12.13 № 19/2 қаулыларымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

73-бап

 

1. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның нәтижелерiн шығару тоқтатыла тұрады.

2. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекiту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады.

3. Конституциялық Кеңес өтiнiштер түскен күннен бастап бiр ай iшiнде өз шешiмiн шығарады. Егер мәселе кейiнге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентiнiң талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.

4. Конституциялық Кеңестiң шешiмiне толығымен немесе бiр бөлiгiне Республиканың Президентi қарсылық бiлдiруi мүмкiн, бұл қарсылық Конституциялық Кеңес мүшелерi жалпы санының үштен екiсiнiң дауысымен еңсерiледi. Президент қарсылығы еңсерiлмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестiң шешiмi қабылданбады деп есептеледi.

 

74-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиiсiнше, бекiтiлмейдi және күшiне енгiзiлмейдi.
  2. Конституциялық емес деп танылған, оның iшiнде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп танылған заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң күшi жойылады және қолданылуға жатпайды.

3. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерi қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды.

Ескерту. 74-баптың 3-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2001.12.13 № 19/2 қаулысымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

VII бөлiм
СОТТАР ЖӘНЕ СОТ ТӨРЕЛIГI

 

75-бап

 

1. Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады.

2. Сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстық және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердiң қатысуымен жүзеге асырылады.

3. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергiлiктi және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады.

4. Республиканың сот жүйесi Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгiленедi. Қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi.

Ескерту. 75-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен, 75-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2002.02.15 № 1, 2006.04.14 № 1 қаулыларымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

76-бап

 

1. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзiне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етудi мақсат етiп қояды.

2. Сот билiгi Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады.

3. Соттар шешiмдерiнiң, үкiмдерi мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады.

Ескерту. 76-бапқа түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.22 № 7/2, 2000.12.20 № 21/2, 2007.04.18 № 4 қаулыларымен.

 

77-бап

 

1. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

2. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.

3. Заңды қолданған кезде судья төмендегi принциптердi басшылыққа алуға тиiс:

1) адамның кiнәлi екендiгi заңды күшiне енген сот үкiмiмен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлi емес деп есептеледi;

2) бiр құқық бұзушылық үшiн ешкiмдi де қайтадан қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапқа тартуға болмайды;

3) өзiне заңмен көзделген соттылығын оның келiсiмiнсiз ешкiмнiң өзгертуiне болмайды;

4) сотта әркiм өз сөзiн тыңдатуға құқылы;

5) жауапкершiлiктi белгiлейтiн немесе күшейтетiн, азаматтарға жаңа мiндеттемелер жүктейтiн немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың керi күшi болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейiн ол үшiн жауапкершiлiк заңмен алынып тасталса немесе жеңiлдетiлсе, жаңа заң қолданылады;

6) айыпталушы өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес;

7) ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгiленген шектегi жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес. Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға мiндеттi емес;

8) адамның кiнәлi екендiгi жөнiндегi кез келген күдiк айыпталушының пайдасына қарастырылады;

9) заңсыз тәсiлмен алынған айғақтардың заңды күшi болмайды. Ешкiм өзiнiң жеке мойындауы негiзiнде ғана сотталуға тиiс емес;

10) қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берiлмейдi.

4. Конституциямен белгiленген сот төрелiгiнiң принциптерi Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бiрыңғай болып табылады.

Ескерту. 77-бапқа түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.10 № 2/2, 2007.04.18 № 4 қаулыларымен.

 

78-бап

 

 Соттардың Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиiстi заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп тапса, iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi.

 

79-бап

 

1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкiлеттiгi тек заңда белгiленген негiздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кiдiртiлуi мүмкiн.

2. Судьяны тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, Республика Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз не Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда, - Сенаттың келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

3. Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар және бiлiктiлiк емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады. Республика соттарының судьяларына заң бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн.

4. Судьяның қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.

Ескерту. 79-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.01.30 № 10, 79-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2004.06.23 № 6 қаулыларымен.

 

80-бап

 

Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi және ол сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс.

 

81-бап

 

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық, жергiлiктi және басқа да соттарда қаралатын өзге де iстер жөнiндегi жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер берiп отырады.

Ескерту. 81-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

82-бап

 

1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген Республика Президентiнiң ұсынуымен Сенат сайлайды.

2. Жергiлiктi және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Республика Президентi қызметке тағайындайды.

3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкiн. Сот алқалары төрағаларына өкiлеттiктер беру тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.

4. Жоғары Сот Кеңесi Республика Президентi тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан құралады.

5. Жоғары Сот Кеңесiнiң мәртебесi және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгiленедi.

Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

83-бап

 

1. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi. Прокуратура сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ заңмен белгiленген жағдайда, тәртiпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады.

2. Республика Прокуратурасы төменгi прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бiрыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкiлеттiгiн басқа мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсiз жүзеге асырады және Республика Президентiне ғана есеп бередi.

3. Республиканың Бас Прокурорын өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Сенаттың келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас Прокурор өкiлеттiгiнiң мерзiмi бес жыл.

4. Республика прокуратурасының құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi заңмен белгiленедi.

Ескерту. 83-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.12.26 № 23/2, 83-баптың 3-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.01.30 № 10, 83-бапқа түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2003.12.31 № 13 қаулыларымен.

 

84-бап

 

Ескерту. 84-бап алып тасталды - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 


 

VIII бөлiм

ЖЕРГIЛIКТI МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ
ЖӘНЕ ӨЗIН-ӨЗI БАСҚАРУ

 

85-бап

 

Жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды тиiстi аумақтағы iстiң жай-күйiне жауапты жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады.

 

86-бап

 

1. Жергiлiктi өкiлдi органдар - мәслихаттар тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi және жалпымемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, оны iске асыруға қажеттi шараларды белгiлейдi, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.

2. Мәслихаттарды жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге халық сайлайды.

3. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бiр мәслихаттың ғана депутаты бола алады.

4. Мәслихаттардың қарауына мыналар жатады:

1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi және олардың атқарылуы туралы есептердi бекiту;

2) өздерiнiң қарауына жатқызылған жергiлiктi әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс мәселелерiн шешу;

3) заңмен мәслихат құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн қарау;

4) мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелердi шешу;

5) Республика заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

5. Мәслихаттың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын Республика Президентi тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзiн-өзi тарату туралы шешiм қабылдаған ретте де оның өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.

6. Мәслихаттардың құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi, олардың депутаттарының құқықтық жағдайы заңмен белгiленедi.

Ескерту. 86-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

87-бап

 

1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi, тиiстi аумақтың мүддесi мен даму қажеттiлiгiн ұштастыра отырып, атқарушы билiктiң жалпы мемлекеттiк саясатын жүргiзудi қамтамасыз етедi.

2. Жергiлiктi атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:

1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi әзiрлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;

2) коммуналдық меншiктi басқару;

3) жергiлiктi атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергiлiктi атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелердi шешу;

4) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiне сай Республика заңдарымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

3. Жергiлiктi атқарушы органды Республика Президентi мен Үкiметiнiң өкiлi болып табылатын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң әкiмi басқарады.

4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкiмдерiн қызметке тиiсiнше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келiсiмiмен Республика Президентi тағайындайды. Өзге әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi қызметке Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президентi өзiнiң ұйғаруы бойынша әкiмдердi қызметтерiнен босатуға хақылы.

5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселе қойылуы мүмкiн. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және оны қызметiнен босату жөнiнде тиiсiнше Республика Президентiнiң не жоғары тұрған әкiмнiң алдына мәселе қоюға хақылы. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде тоқтатылады.

6. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi, ұйымдастырылуы және олардың қызмет тәртiбi заңмен белгiленедi.

Ескерту. 87-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284, 2007.05.21 № 254 заңдарымен.

 

88-бап

 

1. Мәслихаттар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша шешiмдер, ал әкiмдер - тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң аумағында орындалуға мiндеттi шешiмдер мен өкiмдер қабылдайды.

2. Мәслихаттардың жергiлiктi бюджет кiрiсiн қысқартуды немесе жергiлiктi бюджет шығысын ұлғайтуды көздейтiн шешiмдерiнiң жобалары әкiмнiң оң қорытындысы болған кезде ғана қарауға енгiзiлуi мүмкiн.

3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтiн мәслихат шешiмдерiнiң күшi сот тәртiбiмен жойылуы мүмкiн.

4. Әкiмдердiң шешiмдерi мен өкiмдерiнiң күшiн тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентi, Үкiметi не жоғары тұрған әкiм жоюы мүмкiн, сондай-ақ олардың күшi сот тәртiбiмен жойылуы мүмкiн.

Ескерту. 88-баптың 4-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.05.31 № 3/2 қаулысымен.

 

89-бап

 

1. Қазақстан Республикасында жергiлiктi маңызы бар мәселелердi тұрғын халықтың өзi шешуiн қамтамасыз ететiн жергiлiктi өзiн-өзi басқару танылады.

2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды тұрғын халық тiкелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергiлiктi қоғамдастықтардағы басқа да жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.

Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына мемлекеттiк функцияларды жүзеге асыру заңға сәйкес берiлуi мүмкiн.

3. Қазақстанда жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды ұйымдастыру мен олардың қызметi заңмен реттеледi.

4. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының дербестiгiне олардың заңмен белгiленген өкiлеттiгi шегiнде кепiлдiк берiледi.

Ескерту. 89-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

IX бөлiм

ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

 

90-бап

 

1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум нәтижелерi ресми түрде жарияланған күннен бастап күшiне енедi, сол мезгiлден бастап бұрынғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күшi жойылады.

2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттiк мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы Күнi деп жарияланады.

 

91-бап

 

1. Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентiнiң өз бастамасымен, Парламенттiң немесе Үкiметтiң ұсынысымен қабылданған шешiмi бойынша өткiзiлетiн республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгiзуi мүмкiн. Егер Президент оны Парламенттiң қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттiң шешiмi Конституцияда белгiленген тәртiппен қабылданады. Егер Республика Президентi Конституцияға өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк дауысымен Парламент осы өзгерiстер мен толықтыруларды Конституцияға енгiзу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлдi деп есептеледi. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар, егер олар үшiн облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемiнде үштен екiсiнде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi.

2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды.

Ескерту. 91-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен, 91-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1998.12.04 № 13/2 қаулысымен, өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

92-бап

 

1. Конституциялық заңдар Конституция күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде қабылдануға тиiс. Егер Конституцияда конституциялық деп аталған заңдар немесе заң күшi бар актiлер ол күшiне енген кезде қабылданып қойған болса, онда олар Конституцияға сәйкес келтiрiледi де, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары деп есептеледi.

2. Конституцияда аталған өзге заңдар Парламент белгiлейтiн тәртiп пен мерзiмде, бiрақ Конституция күшiне енген күннен бастап екi жылдан кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.

3. Республика Президентiнiң өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде «Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы» 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шыққан және заң күшi бар Жарлықтары Республика заңдарын өзгерту, толықтыру немесе күшiн жою үшiн көзделген тәртiппен ғана өзгертiлуi, толықтырылуы немесе күшiн жоюы мүмкiн. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 64-бабының 12-15, 18 және 20-тармақтарымен көзделген мәселелер бойынша өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде шыққан Республика Президентiнiң жарлықтары Республика Парламентiнiң бекiтуiне жатпайды.

4. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады және Конституция қабылданған күннен бастап екi жыл iшiнде оған сәйкес келтiрiлуге тиiс.

 Ескерту. 92-баптың 4-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.06.15 № 8/2 қаулысымен.

 

93-бап

 

Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттiк тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрiн жасауға мiндеттi.

 

94-бап

 

1. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президентi Конституция белгiлеген Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiктерiне ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуiрде республикалық референдумда қабылданған шешiм бойынша белгiленген мерзiм iшiнде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiмен Республика Президентi өкiлеттiгiнiң қазiргi мерзiмi Республика Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданған Республика Парламентiнiң қаулысымен қысқартылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда Парламент Мәжiлiсi бiр ай iшiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бiр ай iшiнде ант бередi және жетi жылдан кейiн желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiлуге тиiс кезектi Президент сайлауында сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскенге дейiн өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.

2. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-Президентi өзi сайланған мерзiм аяқталғанға дейiн өкiлеттiгiн сақтайды.

Ескерту. 94-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен; 94-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2005.08.19 № 5 қаулысымен.

 

94-1-бап

 

Конституцияның 41-бабы 1-тармағының Республика Президентiнiң өкiлеттiк мерзiмiн белгiлейтiн ережесi 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда сайланған Республика Президентiнiң жетi жылдық өкiлеттiк мерзiмiнiң аяқталуына байланысты өткiзiлетiн президенттiк сайлау қорытындысы бойынша Республика Президентi болып сайланған адамға қолданылатын болады.

Ескерту. 94-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.05.21 № 254 Заңымен.

 

95-бап

 

1. Бiрiншi сайланған Сенат депутаттарының жартысы төрт жыл мерзiмге, депутаттардың екiншi жартысы екi жыл мерзiмге конституциялық заңмен белгiленген тәртiппен сайланады.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Мәжiлiсi депутаттарын партиялық тiзiмдер негiзiнде сайлау туралы ережелерi екiншi шақырылатын Парламент Мәжiлiсi депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады.

Ескерту. 95-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 № 284 Заңымен; 95-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.11.29 № 24/2 қаулысымен.

 

96-бап

 

Конституция күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi онда белгiленген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құқықтарына, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне ие болады.

 

97-бап

 

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнiң бiрiншi құрамы былайша құрылады: Республика Президентi, Парламент Сенатының Төрағасы мен Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы Конституциялық Кеңестiң мүшелерiнен бiр бiрден үш жыл мерзiмге, ал Конституциялық Кеңестiң мүшелерiнен бiр бiрден алты жыл мерзiмге тағайындайды, Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республика Президентi алты жыл мерзiмге тағайындайды.

 

98-бап

 

1. Конституцияда көзделген сот төрелiгi мен тергеу органдары тиiстi заңдарда көзделген тәртiп пен мерзiмде құрылады. Олар құрылғанға дейiн жұмыс iстеп тұрған сот төрелiгi мен тергеу органдары өз өкiлеттiктерiн сақтайды.

2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының және Жоғары Төрелiк Сотының, жергiлiктi соттардың судьялары Конституцияда көзделген соттар құрылғанға дейiн өз өкiлеттiктерiн сақтайды. Судьялардың бос орындары Конституцияда белгiленген тәртiппен толықтырылады.